«Уранэнерго» ЖШС қызметкерлері арасындағы спорттық жарыс: Салауатты өмір салты – ұжым бірлігінің кепілі

2025 жылғы 23 қазан күні сағат 10:00-де Шымкент қаласында «Уранқуат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлері арасында дәстүрлі спорттық жарыстың ашылу салтанаты өтті. Биылғы спорттық дода Республика күні мен Энергетиктер күніне арналды. 

Іс-шара «Уранэнерго» ЖШС кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен, сондай-ақ Ұжымның бас директоры Абуов Б.А. және бас директордың өндірістік сұрақтар  бойынша орынбасары Байдұлла Ж.М. қолдауымен өтті.                                                                                                    

Жарыстың басты мақсаты – ұжымдағы салауатты өмір салтын насихаттау, командалық рухты нығайту және әріптестер арасындағы достық  пен корпоративтік рухты арттыру болды.

Жарыс бағдарламасына үш спорт түрі енгізілді:

Мини футбол,

Арқан тарту,

Шахмат.

Спорттық сайыстар жоғары деңгейде, қызықты әрі тартысты өтті.  Әр команда өз шеберлігі мен ұйымшылдығын танытып, жеңіс үшін бар күш-жігерін салды.

Нәтижесінде жалпы командалық есеп бойынша:

 1-орынды – Таукент филиалы, (директоры Абдукаримов А.)

 2-орынды – Орталық аппарат, (команда капитаны Хусаин Е.)

 3-орынды – Шиелі филиалы (Әпшен Р.) иеленді.

Әр спорт түрі бойынша жекелеген жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен және ақшалай марапаттармен көтермеленді.Жарыстың жабылу салтанатында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыстарын білдіріп, ұжымдық бірліктің және спорттық рухтың компанияның табысты дамуына үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Бас директордың құттықтауы: «Қызметкерлеріміздің белсенділігі мен ұйымшылдығы – компаниямыздың басты күші. Мұндай спорттық шаралар ұжымның бірлігін арттырып, әріптестер арасындағы сенімді нығайтады. Барша қатысушыларды жеңістерімен құттықтай отырып, жұмыста да, өмірде де сәттілік пен жаңа жетістіктер тілеймін!»

Кәсіподақ ұйымы төрағасының сөзі: «Бүгінгі спорттық жарыс – тек сайыс емес, достық пен ынтымақтың мерекесі болды. Қызметкерлердің белсенді қатысуы мен спортқа деген ықыласы бізді қуантады. Кәсіподақ ұйымы әрқашан осындай бастамаларды қолдауға дайын.»Мұндай іс-шаралар «Уранэнерго» ЖШС ұжымында салауатты өмір салтын ұстану мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, ұжымдық ынтымақ пен серіктестік рухын арттыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.