Мемлекет басшысы Қазатомөнеркәсіптің басқарма төрағасын қабылдады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың 2025 жылдағы компания қызметінің нәтижелері туралы есебін тыңдады. 

Мейіржан Юсупов өткен жылдың қорытындысы бойынша холдингтің өндіріс көлемі 25,8 мың тонна уранды құрағанын, оның ішінде компанияның үлесіне 13,5 мың тонна тиесілі екенін баяндады. Басқарма төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында компания геологиялық барлау және елдің минералдық-шикізат базасын ұлғайту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып жатқанын атап өтті. Компания Қазақстан Республикасы аумағында жалпы ауданы 1 мың шаршы шақырымнан асатын алты жаңа перспективалы уран учаскесінен тұратын портфель қалыптастырды, ал 2030 жылға дейін геологиялық барлау жұмыстарына жоспарланған инвестициялардың жалпы көлемі 75-85 млрд теңгені құрайды. 

Президентке сондай-ақ еліміздің уран өндіруші өңірлеріндегі әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат ұсынылды. 2025 жылы Компания өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлді, оның ішінде 6 млрд теңге келісімшарттық міндеттемелер шеңберінде бөлінген.

Сонымен қатар кездесуде әлемдік атом саласының ұзақ мерзімді үрдістері қарастырылды. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай ядролық реакторлардың жиынтық қуаты 746 ГВт-қа жетуі мүмкін, ал уранға деген жаһандық сұраныс 150 мың тоннаға дейін артады. Уран тапшылығы болжанған және атом энергетикасының рөлі күшейген жағдайда ресурстық базаны дамыту және ұзақ мерзімді сату портфелін кеңейту «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әлемдік уран нарығындағы жетекші позициясын сақтауға бағытталған негізгі басымдықтар болып қала береді. 

Басқарма төрағасы 2025 жылдың қорытындысы бойынша компаниялар тобының сату көлемі 11%-ға өсіп, 18,5 мың тоннаны құрағанын баяндады. 2025-2034 жылдарға арналған даму стратегиясына сәйкес компания жаңа өткізу нарықтарындағы қатысуын кеңейтіп келеді. Нәтижесінде 2025 жылы швейцариялық AxpoPower AG, чехиялық ČEZ Group және жапондық Kansai Electric Power Co., Inc. компанияларымен уран жеткізу жөнінде келісімшарттар жасалды. Қазіргі уақытта Үндістанға табиғи уран концентраттарын жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарт жасасу жұмыстары жалғасуда. 

Геосаяси тұрақсыздық жағдайына қарамастан, компания барлық міндеттемелерін орындауды жалғастырып, келісімшарттық талаптарға толық сәйкес әлем бойынша уранды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етіп келеді. 

Компания ғылыми зерттеулер мен инновациялар саласындағы жұмыстарды да күшейтіп отыр. Өндіріс тиімділігін арттыруға, экологиялық әсерді азайтуға және озық технологияларды енгізуге бағытталған 2034 жылға дейінгі ғылыми-технологиялық даму стратегиясы әзірленді. 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жария компания ретіндегі жетістіктері де атап өтілді. 2018 жылы IPO-ға шыққан сәттен бастап нарықтық капитализация 7 еседен астам өсті, ал London Stock Exchange және Astana International Exchange биржаларындағы қосарланған листинг Қазатомөнеркәсіптің инвестициялық тартымдылығын нығайтып, қазақстандық капитал нарықтарының тұрақты дамуына ықпал етуде. 

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы ресурстық базаны одан әрі дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік бастамаларды іске асыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.