«Уранэнерго» ЖШС өндіріс орны орналасқан Шиелі ауданы, Керделі елдімекенінде ҰОС ардагері Байжанов Сәрсенбек тұрады.Үстіміздегі жылы ол кісінің жасы 96-ға толды. Өкінішке орай, бүгінгі күні ол осы аумақта қалған жалғыз ардагер.
«Уранэнерго» ЖШС Бас директоры Ысқақов Дәуіржан Мұхамеджанұлы, Ұлы Отан соғысы ардагерінің үйіне барып, жеке құттықтауды жөн көрген. Алдағы келе жатқан мерекемен құттықтай отырып, ол ардагерге зор денсаулық, сергектік тіледі.
Сондай-ақ, республикалық «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасының аясында Таукент, Қыземшек елдімекендерінде тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету шарасы өткізілді. Жергілікті әртістер мен балалар би тобының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Соғыс жылдарындағы әндер айтылып, құттықтау өлеңдері оқылды.
Қазіргі уақытта елдімекендерде барлығы төрт ардагер тұрады. Ардагерлерге (барлығы 5 адам) құттықтау ашық хаттары, ақшалай сыйлықтар (әрбір ардагерге 30 000 теңгеден), жемістер және сыйлықтар салынған себеттер табыс етілді. Сонымен қатар, мерекелік шара жайында көпшілікке жариялау мақсатында жергілікті БАҚ өкілдері де шақырылды.